Мен үш қыздың анасымын. Олардың тұнық та нәзік көздеріне қараған сайын мына әлемді танып-білуге деген шексіз құштарлығын, батыл қайсарлығын, «бәрі де қолымыздан келеді» деген риясыз, берік сенімін байқаймын. Жолдары әркез ашық болса екен деп тілеймін. Олар өмір жолын өздері ғана таңдай алатынын және оған ата-анасының немесе басқа біреудің араласа алмайтынын түйсінсе деймін. Ол үшін қазірден бастап күш-жігерін шыңдап, келешек тағдырдың кез келген сынағына тө- теп беруге дайын болатындай қайсар да қайратты болуы керек екенін, қалағанына қол жеткізуге қабілетті әрі, тіпті міндетті екенін жақсы түсінуі керек деп ойлаймын.
Ағылшынша super сөзінің бір мағынасы – тылсым күшке ие болу. SuperҚыз – тылсым күшке ие қыз де- генді білдіреді. Бүгінгі әйел – ана, жар, қыз, келін, қызметкер, басшы деген бірнеше әлеуметтік рөлді қа- тар атқарып жүрген жанкешті адам. Осындай қарбалас кезеңде дербестігіңді жоғалтпай, қауырт тірлікке біржола жұтылып кетпей, алдыңа қойған мақсатыңа табанды түрде жетудің мәні зор. Осы кітаптың бетін ашып, ішіндегі хикаяттарды құныға оқыған әрбір қызға әңгіме арқауына айналған қаһармандарымыздың абыройын, ерлік пен өрлікке толы өмір жолын берсе деймін...